Мазмұнға өту
Басты бет / Қоғам /

Халық Кеңесі – шынайы демократия көрінісі

Видео скрині
Конституциялық реформаның комиссия мүшелерінің екінші отырысын бақылап отырып, ел үшін шынайы өзгеріс әкелетін бағыттардың бірі – Халық Кеңесін құру екенін айқын көрдім. Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың ішінде бұл бастама ерекше мәнге ие. Себебі, ел мүддесін тікелей білдіретін жоғары азаматтық мінбер.

Халық Кеңесінің маңызы оның бірнеше ерекшелігінде айқын көрінеді. Біріншіден, ол азаматтық қоғамның үнін білдіреді. Кеңес құрамына белсенді азаматтар мен қоғамдық-саяси бірлестіктер кіреді, бұл әрбір адамның, әрбір қауымның пікірін тыңдайтын ашық алаңға айналады. Екіншіден, Кеңестің өкілеттігі мен құрылу тәртібі Конституциялық мәртебемен бекітілгендіктен, оның ұсыныстары мен шешімдері мемлекет үшін салмақты, маңызды болып саналады. Үшіншіден, Халық Кеңесі елдегі бірлікті нығайтуға, стратегиялық реформаларды іске асыруда халықтың пікірін ескеруге бағытталған жаңа институт ретінде көрініс табады.

Ата заңға жеке бөлім ретінде енгізілуі – Халық Кеңесінің мемлекеттік басқа- рудағы рөлін айқындайды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Менің ойымша, осындай бастамалар арқылы мемлекет пен азамат арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығайып, елдің дамуына тың серпін берері сөзсіз. Халықтың әрбір пікірі – мемлекет үшін құнды, ал Халық Кеңесі сол құндылықты жүзеге асыратын нақты институтқа айналады деп сенемін.

Елдің әрбір азаматы өз пікірін білдіру арқылы мемлекет өміріне тікелей қатыса алатынын сезіну – шынайы демократияның көрінісі. Сондықтан Халық Кеңесі тек формальды орган емес, ел болашағына әсер ететін, халыққа қызмет ететін маңызды институт ретінде бағалануы тиіс.

Ермахан Шайхыұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика

факультетінің аға оқытушысы

Exit mobile version