21–25 қаңтар күндері Бейжің қаласы 2026 жылғы ISU Төрт құрлықтың мәнерлеп сырғанау чемпионатын қабылдайды. Бұл – маусымдағы ең беделді жарыстардың бірі әрі 2026 жылғы олимпиада ойындары алдындағы маңызды сын.
Турнирде Қазақстан атынан ерлер арасындағы жекелей сырғанауда ұлттық құраманың көшбасшысы Михаил Шайдоров өнер көрсетеді. Кейінгі маусымдарда ол күрделі әрі тұрақты элементтерімен көзге түсіп, халықаралық аренадан берік орын алды.
Михаил Шайдоров – 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы және Азия ойындарының қола жүлдегері. Сонымен қатар ол маусым қорытындысы бойынша Қазақстанға 2026 жылғы олимпиада ойындарына квота алып берді.
ISU деректері бойынша, Шайдоров олимпиада маусымын сәтті бастап, Skate America турнирінде күміс, Қытай кубогында қола медаль иеленді және Гран-при финалына жолдама алды. Халықаралық конькишілер одағы оны бірегей элементтерді орындаушы ретінде атап өтеді. Ол жарыс тарихында алғаш рет үштік аксель–ойлер–төрттік сальхов және үштік аксель–төрттік тулуп комбинацияларын сәтті орындап, спорт тарихына енді. Техникамен қатар, Михаил көркемдігі, әртістік шеберлігі мен харизмасымен жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие. Оның образдары мен өзіндік стилі оны көрермендер үшін нағыз сүйікті спортшыға айналдырды. Спортшыны үш маусым қатарынан «Алтыналмас» АҚ демеушілік жасап келеді.

