Не болды?
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қабылдау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау басталды. Ата-ана тек жетінші класқа қабылдау үшін өтініш өткізе алады. Құжат тапсыру тәртібі туралы eGov.kz порталы хабарлап отыр.
Мәлімет
Президенттің «Өркен» білім беру грантына арналған конкурс жетінші класқа қабылдау үшін өткізіледі. Құжаттарды қазір алтыншы класта оқып жатқан балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері тапсыра алады. 7–9 класс оқушылары НЗМ-ға өз класына қайтадан түсе алмайды. Егер өтінім бұрын берілген болса немесе өткізіп алынған жағдайда, қайта өтінім бере алмайсыз.
Құжаттар 9 ақпанға дейін қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін өтінімді портал арқылы немесе «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдарының қабылдау комиссиялары арқылы тапсыруға болады:
-
портал арқылы — тәулік бойы, техникалық жұмыстарға байланысты үзілістерден басқа уақытта;
-
қағаз түрінде — дүйсенбіден жұмаға дейін 09:00–18:00 аралығында, демалыс және мереке күндерін қоспағанда, түскі үзіліс 12:30–13:30.
Онлайн қызмет алу үшін:
-
порталда авторизациядан өтіп, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
-
өтінімді толтырып, оны электрон цифрлық қолтаңбамен немесе SMS-код арқылы қол қою (мобайл азаматтар базасында тіркелу міндетті);
-
жеке кабинеттегі («Қызмет алу тарихы» бөлімінде) өтінімнің өңделгені туралы хабарламамен танысу.
Тіркеу үшін қажет құжаттар:
-
мектептен берілген үлгерім табелінің, анықтаманың немесе өзге де ресми құжаттың түрлі-түсті электрон көшірмесі (мемлекеттік немесе орыс тілінде). Шетелде оқитын үміткерлер үшін — оқу класы, оқу/күнтізбелік жылы және анықтаманың берілген күні көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тіліне заңды аудармасы қажет;
-
үміткердің түрлі-түсті цифрлық фотосуреті.
Рұқсат етілмейді:
-
бас киіммен және көзілдірікпен түскен фотосуреттер;
-
компьютерлік сканерлеу, модельдеу немесе ксерокөшірме арқылы жасалған бейнелерді пайдалану.
Жеке басын куәландыратын деректерді қызмет көрсетуші мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Қызметті қағаз түрінде (офлайн) алу үшін мыналар қажет:
- конкурсқа қатысу туралы өтінім және келісім;
- үміткердің туу туралы куәлігі немесе жеке басын куәландыратын құжаты (түпнұсқа сәйкестендіру үшін талап етіледі, кейін қайтарылады) немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрон құжат;
- үміткердің заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжаты (түпнұсқа сәйкестендіру үшін талап етіледі, кейін қайтарылады) немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат;
- қажет болған жағдайда, қызмет көрсетушінің талабы бойынша үміткердің азаматтығын растайтын құжат;
- қазіргі оқу жылындағы үлгерім табелінің көшірмесі;
- шетелде оқитын үміткерлер үшін — табельдің, анықтаманың немесе өзге ресми құжаттың түрлі-түсті көшірмесі және мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасы (оқу класы, оқу/күнтізбелік жылы және берілген күні көрсетілуге тиіс);
- сенімхат (егер өтінімді үміткердің заңды өкілдерінің атынан үшінші тұлға тапсырса);
- үміткердің түрлі-түсті цифрлық фотосуреті.
