Қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды. Тиісті ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.
Мәлімет бойынша, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлы 10 қаңтардан бері іздестіріліп жатыр. Іздеу шараларын қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің нақты мән-жайы мен айыптау бабы ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу органдары да қосымша ақпарат бермей отыр.
Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал блогер. Оның Instagram-парақшасында 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, ал TikTok-тағы жазылушыларының саны 340 мыңнан асады.

