Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

2025 жылғы Нобел сыйлығы: физика, химия, әдебиет

Фото: Ru.oxu.az

Не болды?

2025 жылғы физика, химия, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алғандар анықталды. Бұл туралы Нобель комитеті хабарлап отыр. 

Физика

Биылғы физика саласындағы Нобел сыйлығының лауреаттары кванттық физика саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар: ұлыбританиялық Жон Кларк, франциялық Мишел Деворе және америкалық Жон Мартинис.

Кларк – Калифорния университетінің (Беркли) профессоры. Мартинис Калифорния университетінде (Санта-Барбара) жұмыс істейді. Ал Деворе – Йел университетінде және Санта-Барбарада зерттеу жүргізген.

Ғалымдар «макроскопиялық кванттық-механикалық туннелдеу мен электр тізбегіндегі энергияның квантталуын ашқаны үшін» марапатталды. Нобел комитетінің мәлімдеуінше, олардың тәжірибесі кванттық физиканың шын өмірде қалай істейтінін көрсетті.

Химия

Химия саласындағы Нобел сыйлығын жапон ғалымы Сусуму Китагава, аустралиялық Ричард Робсон және америкалық Омар Яги алды. Олар «металл-органикалық қаңқаларды» (metal-organic frameworks, MOF) жасау бойынша еңбегі үшін марапатталды.

Ғалымдар молекулалардың ішкі кеңістігі бар ерекше құрылымын жасап шығарған. Бұл арқылы газ бен басқа да химиялық заттар молекула ішінде еркін өте алады. Мұндай құрылымдар ауадан су жинауға, көмірқышқыл газын ұстап қалуға, улы газдарды сақтауға немесе химиялық реакцияларды жылдамдатып жатқанда қолданылуы мүмкін.

Нобел комитетінің төрағасы Хайнер Линкенің айтуынша, «металл-органикалық қаңқалар» болашақта ерекше қасиеті бар жаңа материалдар жасауға жол ашады.

Әдебиет

2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобел сыйлығы венгриялық жазушы Ласло Краснахоркайға табысталды.

Краснахоркай – Орталық Еуропа әдебиетінің үздік дәстүрлерін жалғастырған эпикалық шығармалардың авторы. Оның стилі Кафка мен Томас Бернхард шығармаларымен үндес. Алайда өзіне тән ерекшелігі бар. Ол абсурд пен гротеск арқылы адамзат болмысын терең бейнелейді. Сонымен қатар, жазушының еңбектерінде шығыс философиясына тән сабырлы, ойлы реңк те байқалады.

Жазушы 2015 жылы Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты болып, сыншылар оның шығармаларындағы тілдік тереңдік пен көркемдік қуатты жоғары бағалаған. Оның шығармалары адамзат рухының күйзелісін, өркениет дағдарысын және өнердің мәңгілік құндылығын философиялық тұрғыдан суреттейді.

Контекст

Естеріңізге салайық, биылғы физиология және медицина саласындағы Нобел сыйлығын кім алғанын жазған едік. 

Exit mobile version