Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «Барлық» базары орналасқан аумақтағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын көрді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Бұл жобалар қаланың көлік және инженерлік жүйесін дамытуға бағытталған. Әкім метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегіне қатысты жобаға тоқталды. Ол «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аралықты қамтиды. Жоспарға сәйкес, ұзындығы 5,3 шақырымдық тоннельдер қазылып, үш станция салынады. Сонымен қатар «Барлық» базары аумағында бірыңғай көлік-айырбас торабы (хаб) жасалады.
Болашақ хаб құрамына метро станциясы, қалааралық автобекет, жеңіл рельсті көлік станциясы және автотұрақ кіреді. Жоба Алматының шет аймақтарын орталықпен байланыстырып, тұрғындардың барынша ыңғайлы қоғамдық көлікпен қатынауына мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, Дархан Сатыбалды жер асты су алу қондырғысы – «Ақжайық (Барлық)» жобасымен де танысты.
Жаңа нысан Наурызбай және Алатау аудандарындағы 80 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне 43 мың текше метрге дейін су береді. Бұл жоба қаланың батыс бөлігін су жүйесімен қамтиды, — делінген хабарламада.
Қала әкімі метро құрылысына арналған жер телімдерін келісу мен сатып алуды жеделдету, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан белгіленген мерзімде өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге болашақ көлік торабының қауіпсіздігі мен жайлылығына баса назар аударуды әрі «Ақжайық (Барлық)» су алу жобасын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.