Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне 2026 жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған жердің бәрін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды.
Президенттің айтуынша, жер – стратегиялық ресурс, оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуға тиіс.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс. Жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл анық нәрсе. Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек, — деді президент жолдауында.
Оның айтуынша, бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.