Қазақстанда АЭС атауын таңдау жөніндегі конкурстық комиссияның ережесі мен құрамы бекітілді.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оның құрамына жұртшылық өкілдері, креативті индустрия мамандары, сонымен қатар атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірді. Бұдан бөлек, өтінімдерді беру және қарау тәртібін, оларды бағалау өлшем шарттарын және қорытынды шешім қабылдау рәсімдерін айқындайтын конкурсты өткізу ережесінің жобасы қаралды.
Жұмыс тобының мүшелері АЭС атауын айқындау шешімі бірқатар факторларды ескере отырып қабылданатынын атап өтті.
Конкурстық комиссия ұсыныстарды атаудың танымалдылығы, тарихи және мәдени маңыздылығы, атом энергетикасының имиджіне сәйкестігі, әуезділігі, есте сақтаудың жеңілдігі, бірегейлігі және өзіндік ерекшелігі секілді өлшем шарттар бойынша бағалайды. Сонымен қатар қорлайтын немесе кемсітушілік сипаттағы сөздерді, бейәдеп лексиканы, коммерциялық брендтерді қамтитын, сонымен бірге Қазақстан заңнамасын және үшінші тұлғалардың құқықтарын, оның ішінде авторлық құқықты бұзатын атаулар қабылданбайды, — делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді қолдану жоспарланып жатыр.
Осы орайда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар»АҚ-мен бірлесіп, өтінімдерді eGov Mobile қолданбасы арқылы қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізгені де нақтыланады.