Басты бет Жаңалықтар Перизат Қайраттың мүлкі аукционда сатылады. Тізім қандай?

Перизат Қайраттың мүлкі аукционда сатылады. Тізім қандай?

Фото: Ratel.kz

Не болды?

Перизат Қайраттың мүлкі аукционда сатылады, ал түскен қаражат оның әрекетінен зардап шеккендердің шығынын өтеуге жұмсалады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеп отыр.

Мәлімет

Сот үкімі бойынша Перизат Қайраттан тәркіленген, алдағы уақытта зардап шеккендердің шығынын өтейтін мүлік тізімі мынадай:

  • Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй;
  • Akbulak Riviera, Sensata Plaz, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер (паркинг орындарымен бірге);
  • Mercedes-Benz S450 (2024 ж.), Lexus LX 600 (2024 ж.), Mercedes-Benz EQE 500 4Matic (2023 ж.), Haval H6 GT (2024 ж.) автокөліктері;
  • Rebel Flowers ЖШСнің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
  • 97 млн теңге және 22 мың АҚШ доллары.

Әзірше ешқандай өзгеріс жоқ, қадағалап отырмыз. Сот үкімі бойынша, сот орындаушылары оның (Перизат Қайраттың – ред.) мүлкін аукционға шығарып сатады. Сол қаражат есебінен зардап шеккендердің шығыны өтеледі, – деп жауап берді Жеңіс Елемесов сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына.

Контекст

Перизат Қайрат пен оның анасы мүгедек балаларға және Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккендерге қайырымдылық жасау үшін халықтан жиналған 3 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталды.

Перизат Қайраттан сот үкімі бойынша тәркіленген мүлік тізімі осыған дейін анықталды.

Сот оның дүние-мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға, анасын жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Exit mobile version