Басты бет Таным Ахмет Байтұрсынұлының айтқандары

Ахмет Байтұрсынұлының айтқандары

Иллюстрация: Бекзат Исамберген
5 қыркүйек — қазақ әліпбиінің атасы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ақын 1872 жылы Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ол 1913–1918 жылдары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Ақынның «Қырық мысал», «Маса» өлеңдер жинағы мен «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Әліпби» деген еңбектері көпшілікке танымал.
1937 жылы Ахмет Байтұрсынұлына халық жауы деген жалған айып тағылып, атылып кеткен. Оқырманға ақынның айтқандарын ұсынамыз.

**

Үйрету өнер болған соң ана тілін үйрету бұл да өнер. Олай болса, басқа өнерлерде болған сындар мұнда да болмақ.

**

Қазақ алдақашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, əр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстыкінен, немістікінен, француздыкінен, ағылшындыкінен оңай, оңтайлы.

**

Қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу – оған өлім.

**

Ұлы болса да, ұсақ болса да әркімнің мұраты бар. Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас, тартыс — табиғаттың негізгі заңының бірі.

**

Адам бірден өтірікші, бұзық, ұры-қары болмайды, бірден түзік, әділ, адал, ізгі де болмайды; бір істегенін қайта істеп қалыптанумен бірте-бірте барып болады.

**

Адам тұрмысының тағдырын күн сайын құбылып, қайта-қайта келіп тұрған ұсақ уақиғалар шешеді. Бір рет өтірік айтсаң, ол зор бәле: өтірікші, сырғиға, сенімсіз болсаң, онан тіршілігіңе келетін кесапат көп.

**

Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы.

**

Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік.

**

Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау.

**

Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау.

**

Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіс.

**

Қазақтың бас ақыны — Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбайұлы. Онан басқа бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ.

**

Жұрт істеп отырған ісін қисық я түзу деп айту ғана қолымыздан келеді, істеткізбей, тоқтату қолымыздан келе ме?

**

Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек

Ақынның қанатты сөздері Baitursynuly.kz сайтынан алынды. 

Exit mobile version