Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген жиынына қатысқан премьер-министр Олжас Бектенов парламентке бюджет жобасын ұсынды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президенттің жолдаулары ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтынын және қоғамдағы ең өзекті сұрақтарға нақты жауап беретінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы билікке деген сенімді нығайтады.
Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасының тұрақты өсімін және жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, кейінгі жеті айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалып, сирек металдарды игеру бағытында жаңа жобалар іске асып жатыр. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы да парламентке енгізілді.
Сонымен қатар әлеуметтік саладағы ірі жобалар, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығы мен экспорт әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Биылдың өзінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 160 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласында өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, халықтың өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты.