Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемде психотроптық заттарды өткізумен айналысты деген айыппен Ресей азаматына қатысты үкім шығарды.
Айыпталушы Қазақстанға Telegram мессенджеріндегі L аккаунт иесімен келісім бойынша келіп, «қоймашы» ретінде жұмыс істеген. Белгісіз тұлғамен бірге аса ірі көлемде альфа-PVP психотроптық затын сақтаған. Жеке тінту кезінде оның қалтасынан жалпы салмағы 1,76 грамм болатын бес түйіншек тәркіленді.
Кінәні дәлелдейтін айғақтар:
- тінту хаттамасы мен бейнежазба;
- куәгерлердің көрсетпелері;
- сот-химиялық сараптаманың қорытындысы.
Прокурор айыпталушыға сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ол кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты әрі 3-топ мүгедегі екенін жеткізді.
ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге мүлікті тәркілеумен бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сот айыпталушының кінәсін мойындауын және мүгедектігін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде, С. жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.