Басты бет Жаңалықтар Онлайн казиноларды жарнамалаған блогерлерге жаза күшеюі мүмкін

Онлайн казиноларды жарнамалаған блогерлерге жаза күшеюі мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің онлайн казиноларды жарнамалау әрекетіне қатысты түсінік берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта агенттік 34 блогердің қызметін тексерген. Нәтижесінде Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген онлайн казиноларға тосқауыл қойылған.

Онлайн казинолар шетелде іске қосылып, ел ішінде блогерлер арқылы жарнамаланады. Соның салдарынан тұрғындар құмар ойындардың шырмауына түседі. Осыған байланысты біз мәдениет министрлігіне тиісті ақпарат жолдадық. Қазірдің өзінде 11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қалғандарына қатысты жаза қарастырылып жатыр, – деді Жеңіс Елемесов сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Агенттік өкілінің сөзіне қарағанда, егер блогерлер заңсыз казиноларды ұйымдастыруға немесе кірісті бөлісуге қатысқан жағдайда, қылмыстық істе сыбайлас ретінде қарастырылады.

Жарнама үшін қазіргі таңда әкімшілік жаза қолданылады. Дегенмен біз жазаны қатаңдатуды ұсынып отырмыз. Яғни онлайн казиноны жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу бастамасы көтерілді, – деді ол.

Еске салайық, қаржы мониторинг агенттігі ел ішінде заңсыз онлайн-казиноны жарнамалап, жұртты алдаған 34 блогердің тізімін жариялады.

Exit mobile version