Басты бет Жаңалықтар Қайтарылған қаржы БҚО-дағы 11 ауылдық су жобасына бағытталды

Қайтарылған қаржы БҚО-дағы 11 ауылдық су жобасына бағытталды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Қайтарылған активтер қаражатының 5,5 миллиард теңгесі БҚО-дағы ауылдарды сумен жабдықтауға бағытталды. Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.

Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қордан Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау бойынша 11 жобаны жүзеге асыруға 5,5 миллиард теңге бөлінді.

Үкіметтің дерегінше, 4,3 миллиард теңге көлеміндегі қаржыландырудың негізгі сомасы тоғыз нысанға бөлінетін болады.

1,8 миллиард теңге 1,7 мыңнан астам тұрғыны бар Қаратөбе ауданының Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендеріне жаңа тармақ салу арқылы сумен жабдықтаудың магистралды жүйелерін салуға, 2,5 миллиард теңге Теректі, Қаратөбе аудандарының сегіз ауылында, сонымен қатар Бәйтерек ауданында сумен жабдықтау желілерін салуға бағытталды. Сонымен бірге бұрын Бәйтерек ауданы Кирсанов ауылының тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге және Жәнібек ауданындағы Урдин топтық су құбырын қайта жаңартуға 1,2 миллиард теңге бағытталады. Бүгінгі таңда жұмыс 60% орындалды, — делінген ақпаратта.

Аталған жұмыс мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша Батыс Қазақстан облысындағы ағымдағы қолжетімділік деңгейі қалаларда 100%, ал ауылдық елді мекендерде 97% болды.

Бүгінгі таңда арнаулы мемлекеттік қордан 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар жобаны салуға 375 миллиард теңге бағытталды. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, сумен жабдықтау нысандары және басқа да нысандар салынуда. Қазірдің өзінде 44 нысан аяқталып, ел игілігіне берілді.

Exit mobile version