Басты бет Жаңалықтар Алматы әкімі метро құрылысын уақытында аяқтауды тапсырды

Алматы әкімі метро құрылысын уақытында аяқтауды тапсырды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезеңіндегі жұмыстардың барысын тексерді. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл желі бес шақырымнан астам қашықтыққа созылып, «Қалқаман» станциясын «Барлық» базары маңымен байланыстырады.

Жаңа желіде үш станция салынады:

  • Наурызбай ауданы әкімдігі жанында,
  • Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында,
  • «Барлық» базары маңында. Мұнда метро, автобекет, LRT және автотұрақты біріктіретін ірі көлік торабы бой көтереді.

«Қалқаман» станциясында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр: бір тоннель толық жүргізілді, монолитті жұмыстардың 75%-ы орындалды, инженерлік жүйелер орнатылып жатыр. Станцияда күн сайын 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданатын болады.

Жаңа станциялар мен көлік тораптарының құрылысы – тұрғындардың қолайлылығы мен қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Біз жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауымыз қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жоба аясында ұзындығы үш шақырымнан асатын екі тоннель қарастырылған. Оның бірі толық дайын, мұнда пойыздардың дыбыссыз қозғалысын қамтамасыз ететін жаңа технология бойынша рельстер төселіп жатыр. Екінші тоннель 2026 жылғы қаңтарда аяқталады.

Әкімдіктің мәліметінше, бас мердігер нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отыр: қараша айында инженерлік және әрлеу жұмыстары басталады.

Exit mobile version