Алатау ауданында қайтарылған активтер есебінен екі жоба қаржыландырылды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Алатау ауданында ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталды. 10 шақырымдай инженерлік желілер жүргізіліп, «Ақбұлақ» шағын ауданы толығымен ауызсумен және кәрізбен қамтылды. Жоба заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен жүзеге асырылған.
Қайтарылған қаражат есебінен екі жоба — «Ақбұлақта» және «Боралдайда» іске асырылып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталып отыр, — деді Алатау ауданы әкімдігі инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Абай Топарбай.
Әкімдік мәліметінше, «Боралдай» шағын ауданындағы жоба да аяқталуға жақын. Мұнда 50 шақырымнан астам инженерлік желі салынып жатыр. Олар ауданды ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді.