Басты бет Жаңалықтар Қазақстан әуежайларында жаңа ереже күшіне енеді

Қазақстан әуежайларында жаңа ереже күшіне енеді

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Енді еліміздің әуежайларында тексеру барысында тәркіленген, тасымалдауға тыйым салынған заттар сақталмайды.

Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгеріс халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жолаушыларға қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру мақсатында енгізіліп жатыр.

Әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Толық ақпарат әуекомпаниялар мен әуежайлардың ресми сайттарында, сонымен бірге тіркеу сөрелерінде және тексеру бекеттерінде орналастырылған. Мысалы, қол жүгінде көлемі 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар, аэрозольдер мен гельдерді, сонымен бірге өзге де қауіпті заттарды алып өтуге тыйым салынады, – делінген министрлік хабарламасында.

Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді бал, тосап, сүт өнімдері және үйде дайындалған тағамдарды әуе кемесіне алып кіруге болмайды. Мұндай заттар тексеру кезінде тәркіленіп, жойылады.

Азаматтық әуе кемелерінде жолаушыларға тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады, – делінген хабарламада.

Жаңа ереже 2025 жылғы 27 тамыздан бастап күшіне енеді.

Exit mobile version