Алматыда полицейлер бір тәулікте 24 қылмысты ашып, іздеуде жүрген тоғыз адамды ұстады. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сонымен қатар 1 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 26 тамыздан бастап Алматыда республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның алғашқы тәулігінде-ақ тәртіп сақшылары 24 қылмыстың бетін ашты.
Полицияның мәліметінше, әшкереленген құқық бұзушылықтар арасында ұрлық пен алаяқтық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау, сонымен бірге мас күйінде көлік жүргізу деректері бар. Бұған қоса, полицейлер бұрын жасалған 14 қылмысты ашып, іздеуде жүрген тоғыз адамды қолға түсірді. «Нелегал» санатында есепте тұрған 13 адам анықталған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға айрықша көңіл бөлініп жатыр: бір тәулікте осындай 1 мыңнан астам дерек тіркелген, олардың көпшілігі қоғамдық орындарда алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылыққа қатысты, — делінген хабарламада.