Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алды.
Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания королі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Иордания Королі мен президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысады.