Астанада полицейлер такси қызметімен заңсыз айналысып жүрген шетел азаматын қуып жүріп ұстады. Бұл туралы полиция департаменті хабарлап отыр.
Оқиғаның видеосын полиция әлеуметтік желіде жариялады.
Полицейлер елордада жалған нөмір таққан «Мерседес» көлігімен қашпақ болған шетел азаматын ұстады. Қуғын кезінде ол шлагбаумды құлатып, бірнеше көлікке зақым келтірді. Ер адам құжатсыз және сақтандырусыз такси көлігін заңсыз жүргізген, ал мемлекеттік нөмірді басқа біреудің көлігінен алып кеткен. Көлік иесі де жауапкершілікке тартылды, — деп жазылған хабарламада.
Сот құқық бұзушыны үш тәулікке қамауға алу, көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жазаланды.