Басты бет Жаңалықтар Алматыдағы №7 аурухана 20 ай ішінде толық жаңарады

Алматыдағы №7 аурухана 20 ай ішінде толық жаңарады

Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда №7 қалалық клиникалық аурухана ғимаратының қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алдағы күндері мердігер ұйым ғимарат аумағы бойымен қоршау орнатады. Қала әкімдігінде хабарлағандай, барлық жұмыс медициналық қызметтің көлемін қысқартпай жүргізіледі.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, алғашқы кезеңде 11 блоктың 5-ін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл жұмыстардың нормативтік мерзімі – 20 ай. Аурухананың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жөндеу кезеңінде ота жасау бөлімі мен жансақтау залы уақытша көшіріледі, мекеменің штаттық құрамы өзгермейді.

Қайта жаңғырту қажеттігі инженерлік желілердің 90%-ға, көтергіш конструкциялардың 60%-ға, қасбеттердің 70%-ға тозуымен байланысты. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі, желдету, гидрооқшаулау жүйелері мен жедел сатылар талаптарға сәйкес келмейді, медициналық жабдықтар да ескірген.

Жоба аясында ғимаратты сейсмикалық тұрғыдан нығайту, инженерлік коммуникацияларды, қасбетті, желдету жүйесін, трансформаторлық қосалқыларды ауыстыру, қазандық орнату көзделген. Сонымен бірге аурухананың пайдалы аумағы 2,5 мың шаршы метрге ұлғайып, бөлімшелер функционалды түрде қайта бөлінеді және заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады.

Қазіргі таңда бөлімдер әр блок пен қабатқа шашырап орналасқан, бұл логистиканы қиындатады. Жобаға сәйкес бірінші қабат аурухананың фронт-офисіне айналып, әкімшілік пен амбулаториялық онкогематология бөлімшесіне бөлек кіреберістер қарастырылады. Сонымен бірге бірінші қабатта күту аймағы, тіркеу орны мен клиникалық-диагностикалық орталық орналасады. Ал қоймалар, архив және басқа да қосалқы бөлмелер цокольге көшіріледі. Осылайша науқастар мен қызметкерлер ағыны қиылыспай, пациенттер мен дәрігерлер үшін қолайлы әрі түсінікті орта қалыптасады. Құрылыс жұмыстарына байланысты уақытша қолайсыздықтарға қала тұрғындарының түсіністікпен қарауын сұраймыз, – делінген хабарламада.

Exit mobile version