Елордада Қ.Мұнайтпасов көшесі, М.Жұмабаев даңғылы және Абылай хан даңғылының қиылысы жөнделеді.
Бұл туралы Астананың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлап отыр.
Қ.Мұнайтпасов көшесі, М.Жұмабаев даңғылы және Абылай хан даңғылының қиылысында жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарлаймыз. Осыған байланысты аталған учаске 20 тамыз сағат 23:00–ден 21 тамыз сағат 06:00–ге дейін, сонымен қатар 21 тамыз сағат 23:00–ден 22 тамыз сағат 06:00–ге дейін ішінара жабылады. Күндізгі уақытта қозғалыс ашық болады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз, — делінген хабарламада.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады.