Алматыда жұртты алдап, бар жиған-тергенін қағып алып жүрген алаяқтар ұсталды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлап отыр.
Прокуратураның мәліметінше, «Интернет-алаяқтықтың заманауй түрлерінің алдын алу» жобасын іске асыру шеңберінде Алматы прокуратурасы киберқылмыспен байланысты қылмыстық схемаларды анықтау және жолын кесу жөнінде белсенді жұмысты жалғастырып жатыр.
2025 жылғы 19 тамызда прокуратураның үйлестіруімен және «Қазақтелеком» АҚ-мен ынтымақтаса отырып, ҰҚКД және қаланың ПД жедел сүйемелдеуімен Қазақстанның екі азаматы ұсталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес олар, шетел серіктестерімен сөз байласып, интернет-алаяқтық схемасын іске асыру кезінде оларға заңгерлік көмек көрсеткен.
Күн сайын осы схеманы пайдалана отырып, ақшалай қаражатты ұрлау мақсатында елдегі азаматтарға 2 000-ға дейін қоңырау шалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Алматы прокуратурасы азаматтарды ұқыпты болуға, белгісіз адамдардың қоңырауларына сенбеуге, дербес мәліметтері мен банк деректемелерін бермеуге шақырады. Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет, – делінген хабарламада.