Не болды?
Абай облысының Үржар ауданында көлік қағып кеткен балалардың жасы 2-9 жас арасында. Қаза болған үш баланың жасы — 2-7 жас арасында, жарақат алған үш баланың жасы — 6-9 жас арасында. Бұл туралы Абай облысы әкімдігі хабарлап отыр.
Мәлімет
Зардап шеккендер екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі — Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды, — делінген әкімдік хабарламасында.
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы бойынша, қаза болғандардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қажет барлық қолдау, психологиялық және материалдық көмек беріледі.
Контекст
19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен.
Екі бала оқиға орнында қаза болды, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
20 тамызға қараған түні Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, балаларға медициналық көмек беру үшін қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен медициналық бригада ұшып барды.
Денсаулық сақтау министрлігі балалардың хәлі ауыр деп отыр.