Алматыда Розыбакиев пен Байқадамов көшелерінің қиылысында құбыр ауыстыру үшін көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық барысында Бостандық ауданында 1984 жылы пайдалануға берілген жалпы ұзындығы 1,2 шақырымдық жылу магистралі ауыстырылады. Осыған байланысты 16 тамыздан 27 тамызға дейін Розыбакиев пен Байқадамов көшелерінің қиылысында автокөлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.
Бұл жылу магистралі 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке тұрғын үйді, төрт балабақшаны, екі аурухананы және 27 өзге де нысанды жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Одан бөлек 15 тамызда сағат 08:00-ден 17 тамызда сағат 19:00-ге дейін Алматыда Байзақов көшесінде Райымбек даңғылынан екі бағытта да көлік қозғалысы шектелді. Мұнда 1966 жылы пайдалануға берілген магистральдық құбыр жөнделеді.
Сонымен қатар Алмалы ауданында 1980 жылы пайдалануға берілген ұзындығы 130 метр жылу трассасы ауыстырылады. Осыған байланысты 2025 жылғы 15 тамыздың сағат 23:00 бастап 18 тамыздың сағат 07:00 дейін Жамбыл көшесі Исаев көшесінен бастап Байғанин көшесіне дейін жабылды.