Басты бет Жаңалықтар Ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинап жатыр

Ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинап жатыр

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Не болды?

Елімізде ата-аналар міндетті мектеп формасын жоюды талап ететін петицияға қол жинап жатыр. Әзірше оған небәрі 156 адам қол қойған. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлап отыр.

Мәлімет

Алматы қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Әлия Тұяқбаева мектеп формасының қымбаттағанына шағымданып отыр. Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі ата-аналарға форманы тек белгілі бір дүкеннен сатып алуды міндеттеген.

Аяқ киім мен жейдені қоспағанда, екі балаға формаға 130 мың теңге жұмсадым. Ұл балаға жилет, шалбар, костюм, қыз балаға белдемше, сарафан және шалбар алдық. Оқу жылының соңында жиналыс өтіп,келесі жылға  алдын ала дайындалу керек екені айтылды және кіреберістегі тақтаға келесі жылғы форма үлгісін іліп қойды. Менің ойымша, форманың тек түсін белгілесе жеткілікті, — дейді ата-ана.

Контекст

Қазақстанда заң мектеп формасын міндеттейді. Мемлекеттік мектепте бірыңғай үлгі талап етілсе, жекеменшік мектеп өз формасын енгізе алады. Кейінгі жылдары форма бағасы жыл сайын 10–15% қымбаттап келеді.

Анықтама

Мектеп формасына қатысты талаптарды білім және ғылым министрлігі реттейді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бірыңғай форма оқушылар арасында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, оқу процесіне зейінді арттырады.

Exit mobile version