Не болды?
Алматыда ақша толы сейфті ерекше әдіспен ұрлаған күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті хабарлап отыр.
Мәлімет
Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қалалық криминалдық полиция басқармасымен бірлесіп, жеке үйден ішінде қомақты қаражаты бар сейф ұрлаған 33 жастағы күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің сейфті бөтен үйден шабаданға салып алып шыққаны анықталған. Қазір ол қамауға алынып, тергеліп жатыр.
Контекст
Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі бастығының орынбасары Әсет Кәпешбаевтың айтуынша, күдіктінің осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысы бары белгілі болды.

Біздің мәліметіміз бойынша, ол ұрлықты түнгі уақытта жасап отырған және қаланың өзге аудандарында да әрекет еткен болуы мүмкін. Қазіргі уақытта барлық мүмкін эпизодты анықтауға бағытталған кешенді шара жүріп жатыр. Бір айта кетерлігі, күдікті бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін жауапқа тартылған, – деді ол.