Басты бет Жаңалықтар Алматының кей ауданына көлікпен кіру ақылы болуы мүмкін

Алматының кей ауданына көлікпен кіру ақылы болуы мүмкін

Фото: Нұрназар Әмзе
Алматының орталық аудандарына көлікпен кіруді ақылы ету мәселесі қаралып жатыр. «Ашық  НҚА» порталында маслихаттың осы жөніндегі жобасы жарияланды. Құжатта қалада шығарынды аз аймақтар жасау жоспарланғаны айтылған.

Төлемді қалай төлейді?

Алматының кей аудандарына көлікпен кіру үшін төлем енеді. Төлем «Таза қала» электрон жүйесі арқылы жүзеге асады. Көлік иесі төлемді көліктің экологиялық класына қарай төлейді. Көлігі ескі әрі қоршаған ортаға көп зиян келтіретін жандарға төлем жоғары болады.

Экоаймақтар алдын ала белгіленеді

Алматыдағы ақылы экологиялық аймақтар арнайы жол белгілері мен таңбалар арқылы көрсетіледі. Бұл жүргізушілерге ақылы аумақтың қай жерден басталатынын алдын ала біліп, соған сай әрекет етуге мүмкіндік береді.

Кімдер ақы төлемейді?

Ақылы аймаққа кіру үшін кейбір көліктерге төлем талап етілмейді. Олар мыналар:

  • жедел жәрдем, коммуналдық қызмет көлігі және басқа арнайы техника;
  • сол аймақта тұратын тұрғындар — олардың көлігі экологиялық талаптарға сай болса.

Түскен қаражат қайда жұмсалады?

Жолақыдан жиналған қаражат қаланың экологиясын жақсартуға және қоғамдық көлік жүйесін дамытуға жұмсалады.

«Таза қала» деген ақпараттық жүйе іске қосылып, нақты уақыттағы ауа сапасы бақыланады. Экологиялық кеңес құрылып, қаладағы экологиялық шешімге сараптама жасайды.

Қоғамдық талқылау

Қоғам жобаны 2025 жылғы 20 тамызға дейін талқылай алады. Кез келген қала тұрғыны Ашық НҚА порталына кіріп, ұсыныс немесе пікір қалдыра алады.

Exit mobile version