Басты бет Жаңалықтар Алматыда Жастар күніне орай квест-ойыны мен әлеуметтік жобалар көрмесі өтті

Алматыда Жастар күніне орай квест-ойыны мен әлеуметтік жобалар көрмесі өтті

Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған Alma Love жастар фестивалі аясында JASTAR JOLY квест-ойыны және SOCIAL LAB әлеуметтік жобалар көрмесі сынды екі маңызды іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл туралы қалалық жастар саясаты басқармасы хабарлап отыр.

Квест-ойынға қатысуға 1000-нан астам жас тұрғын өтініш білдірді. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шамамен 40 команда жарысқа жолдама алды. Бес кезеңнен тұрған квест барысында қатысушылар қаланың саябақтарымен жүріп өтіп, ұйымдастырушылардың тапсырмаларын орындады, Алматының тарихы мен мәдениеті жөніндегі сұрақтарға жауап берді және интерактивті ойындарға қатысты.

Бұл квест мен үшін қызық әрі пайдалы тәжірибе болды. Сұрақтар әртүрлі тақырыптарды қамтыды: кейбірі логика мен білімді, кейбірі тез шешім қабылдауды талап етті. Осы ойын арқылы Алматы жайлы көп жаңа мәлімет білдім, бұрын бармаған жерлерімді көрдім. Сонымен қатар командалық жұмыстың маңыздылығын сезіндім және жаңа адамдармен таныстым, – деді жоба қатысушысы Мақсат Сағдиев.

Төрт кезеңнің нәтижесі бойынша Арбатта өткен гранд-финалға бес үздік команда шықты. Жеңімпаздар марапатталды.

Фестиваль аясындағы тағы бір маңызды шара – SOCIAL LAB көрмесі қаланың ең ірі сауда орталықтарының бірінде өтті. Онда 20-дан астам жастар жобасы таныстырылды: инклюзивті театр, волонтерлік бастамалар, ашық аспан астындағы кинопоказдар, тегін оқу курстары, «Тілдер саябағы» жобасы, профилактикалық бағдарламалар, сонымен қатар жасанды интеллект пен робототехника бағытындағы бастамалар.

Көрменің басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар жобаларды тұрғындарға таныстыру және оларды қолдау. Біз жастардың бастамаларын іске асыруға және оларды қоғамдық өмірге белсенді тартуға жағдай жасаймыз, – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Айта кетейік, Алматыда 3 тамыздан бастап Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік өтіп жатыр.

Exit mobile version