Басты бет Жаңалықтар Шымкентте автобус ішінде жолаушыны ұрған әйел сотталды

Шымкентте автобус ішінде жолаушыны ұрған әйел сотталды

Фото: Еlitar.kz
Шымкентте №21 маршруттағы автобуста жолаушыны ұрып-соққан әйелге бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 25 маусымда №21 бағытындағы автобуста болған. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 2-бөлімі 5-тармағы («Бұзақылық ниетпен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру») бойынша істі қарады.

Сот анықтағандай, айыпталушы жәбірленушінің шашынан ұстап, бірнеше рет тартып, аяқпен теуіп, дене жарақатын келтірген. Медициналық сараптама қорытындысы жарақатты денсаулыққа жеңіл зиян деп бағалаған.

Сот барысында айыпталушының кінәсі медициналық сараптама қорытындысымен, оқиға орнынан алынған бейнежазбамен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді. Прокурор айыпталушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Жәбірленуші кешірмегенін айтып, заңға сәйкес жаза тағайындауды өтінді.

Айыпталушы кінәсін мойындап, еркінен айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сот үкім шығара отырып, оның бала тәрбиелеп отырғанын және кінәсін мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде, сот әйелді кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Exit mobile version