Ақтау маңында құлаған AZAL ұшағының апаты бойынша жүріп жатқан тергеудің есебі жыл соңына дейін дайын болады.
Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеп отыр.
Көлік министрлігі қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр, біздің мамандар халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу кезінде жаңа дағдыларды меңгерді. Жұмысқа әртүрлі елдерден халықаралық сарапшылар тартылған. Жабдықтардың бір бөлігі әлі де шетелде сараптамада жатыр, олар жақын арада елге қайтарылады. Талдау кезеңі аяқталуға жақын, енді түпкілікті есепті дайындау кезеңі басталады. Бірaз шыдам керек деп ойлаймын. Бірнеше айдан кейін түпкілікті есеп дайын болады, — деді вице-премьер үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жолаушылар ұшағы қалай зақымданғанын анықтау үшін жарылыс-техникалық сараптама жасалып жатыр.
Ұшаққа қалай зақым келді деген сұрақты саясиландырғым келмейді. Бұл сұрақтарға құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан жарылыс-техникалық сараптама жауап беруі керек. Менің білуімше, олар фюзеляждан табылған зақымдаушы элементтерге ұқсас қару-жарақ қолданылатын басқа елдерге сұрау жолдаған. Сондықтан шындық осы жылдың соңына дейін белгілі болады, барлық талап толығымен орындалады, — деді Қанат Бозымбаев.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан ұшақ Ақтауда құлады.
Баку-Грозный бағытындағы ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі. Апаттан 38 адам қаза болып, 29 адам аман қалды.
Жолаушылардың толық тізімі жарияланды. Ұшақ бортында Қазақстанның алты азаматы болған. Барлығы қаза болды.
Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мемлекеттік комиссия құрылды.
Әуе апатынан қаза болған отандастарымыздың аты-жөні жарияланды.