Ақшаны тұрақты жинау — ертеңнің кепілі. Әсіресе, қазіргі жылдам өзгеретін заманда, ақша уақыт өткен сайын құнсызданатын кезде ақша жинау керек. Белгілі бір зат алатын болсаңыз да, оның сомасын жинап барып алуға болады. Бұл бөліп төлеу мен кредитке алғаннан тиімдірек. Baribar.kz ақша жинауға арналған әдістерді айтып береді.
Мақсат қойыңыз
Әуелі не үшін ақша жинау керек екенін анықтау керек. Ноутбук, смартфон аламын, үйдің 20% ақысын жинаймын, саяхаттаймын деп, нақты мақсат қоясыз.
Мақсатыңыз қол жете алатындай болуы керек. «Осынша уақыт осындай соманы жинасам, мына ноутбукты ала аламын» деп уақытыңыз бен соманы нақты білгеніңіз жөн. Қазіргі қаржы жағдайыңыз келмейтін затқа ұмтылу, өзіңіз күткеннен де тым ұзақ ақша жинау ынтаңызды сөндіріп тастайды.
Жинағыңызға әр айда қанша теңгеден салып отыратыныңызды жоспарлап, сол жоспардан айнымаңыз. Күтпеген жерден шығын болып қалсаңыз да, жинақтағы ақшаға көз салмаңыз. Ақша жинау үшін керек дағды — тұрақтылық пен алған беттен қайтпау.
Ақшаны ақылмен сақтаңыз
Ақша жинаймын деп күнделікті үйренген ісіңізден толық бас тартып кетпеңіз. Бұлай істеу әйтеуір бір кері әсер етіп, жинақтағы ақшаңыздың бәрін шығарып алуыңыз мүмкін.
Мысалы, түскі асты ылғи асханадан ішіп жүрсіз делік. Ақша жинаймын деп, аптаның бес күнінде де үйден тамақ жасап әкелемін деу ауыр болуы мүмкін. Сондықтан өзіңізбен келісіңіз. Аптасына неше рет үйден тамақ жасай аласыз? Үш күн үйде жасаған тамағыңызды жеп, екі күн асханадан ішуге болады.
Қаласаңыз, бастапқы бірнеше ай осыған үйреніп, кейін аптаның бес күнінде де үйде жасаған тамағыңызды жеп, содан үнемделген ақшаны сақтап жүрсеңіз болады.
Тағы бір айта кетерлігі, сақтайтын шотыңызға ақша аударып қойған соң, өзіңізде бар ақшаны үнемдеп жаратыңыз. Қалтаның түбі көрінгенше шашпаңыз. «Жетпей жатса, депозиттегі ақшаны ала салам» деген ойдан о бастан арылыңыз.
Лайфхак қолданыңыз
Қазір әлжеліде ақша жинауға қатысты түрлі лайфхак бар. Мысалы, жыл басында әлжеліде 10 теңгені 667 мың теңгеге айналдыратын лайфхак танымал болды.
Әуелі депозит ашып, бірінші күні 10 теңге салып, одан кейін күн сайын салған ақшаңызға 10 теңге артық қосып отырасыз: бірінші күні 10 теңге, екінші күні 20 теңге, үшінші күні 30 теңге, осылай 365 күні 3 650 теңге саласыз. Сонда жыл соңында депозитте 667 000 теңге жиналып тұрады.
Күн сайын 10 теңге қосып салып отырудан шатасып кетем десеңіз, айлық ақы түскен кезде бір айда осы әдіспен қанша салуыңыз керек екенін есептеңіз. Сөйтіп, ай сайын депозитке есеп бойынша соманы салып отырыз.
Бұл да қиын болса, депозитке апта сайын 500 теңге қосып салып отырыңыз. Осы атпа 500 теңге, келер апта 1000 теңге, одан кейінгі апта 1500 теңге. Осылай кете береді.
Үнемдеңіз
Ақша жинау үшін үнемдеу де керек. Үнемдеген ақшаңызды депозитке немесе тиын салғышқа салып отырыңыз.
- Үйге тамақ алдыртуды, дәмханадан тамақ ішуді азайтыңыз.
- Үйде бір зат бұзылса, жаңасын алуға асыққанша, оны жөндеп көріңіз. Өзіңіз жөндей алмасаңыз, үнемдейтін/үнемдемейтініңізді есептеп алып барып, маман шақырыңыз.
- Демалыс сайын сауда орнына асықпай, үйде демалыңыз. Сауда орнына «жай жүріп қайтам» десеңіз де, ол жер — аты айтып тұрғандай ақша шашуға арналған орын. Болмаса, ақша аз кететін демалысты ұйымдастырыңыз: жаяу серуенге немесе табиғат аясына шығыңыз.
- Қатты асығыс болмасаңыз, таксидің орнына қоғамдық көлікке мініңіз.
- Достарыңызға хабарласып, олар істей алатынды жасатып, олар істемейтінді сіз жасап беріп, айырбасқа келіссеңіз болады.
Ақшаны есептеңіз
Бір күнді есеп-қисап күні деп белгілеп алыңыз. Отырыңыз да, сол айдағы кіріс-шығыныңызды есептеңіз. Ақшаның қайда кеткенін білмесеңіз, қайдан үнемдеу керек екенін де білмейсіз.
Ең жақсысы күнделікті шығыныңызды жазып жүріңіз. «Ақшаның қайда кетіп жатқанын білемін ғой» десеңіз де, шығын жазбай, көзіңіз ашылмайды. Еңбекпен тапқан ақшаңызды керек емес нәрсеге жұмсап жатқаныңызды да байқай аласыз.
Барынша қолма-қол ақша ұстаған дұрыс. Сонда ақшаңызды біреуге беріп жатқаныңызды көзіңіз көріп, жүрегіңіз сезеді де, ми да «ақшаның шегі бар екен» деген сигнал алады.
Сауда орнына тізім жасап барыңыз
Жоғарыда үнемдеу керек екенін айттық.
- Артық ақша жұмсап қоймаудың бір жолы — базарға, сауда орнына барғанда тізім жасап бару. Сосын сол тізімнен айнымау керек. Тізімді үйде жасағанда сүтті ұмытып кетсеңіз, сол жерде қосуға болады, әрине. Алайда аса бір қажеті жоқ затқа қызығып, ала салудан сақ болыңыз.
- Супермаркетке аш бармаңыз, шөлдеп те бармаңыз. Шөлдеп тұрсаңыз, бағасы қымбат тәтті сусын алғанша, 0,5 жай су алыңыз. Шөліңіз әп сәтте басылады да, тәтті су ішкіңіз келмей қалады.
- Тауар мен азық-түлікті мұқият таңдаңыз. Әдетте, кәмпит, піспенан сияқты заттар қораппен де, қорапсыз да сатылады. Қораптағысы қымбатырақ тұрады әрі оның бәрі қажет болмауы мүмкін. Сондықтан қорапта емесінен керегінше салып алып, соны өлшетіңіз.
- Бір затты алатын-алмайтныңызды білмей тұрсаңыз, өзіңізден мынаны сұраңыз: «Мына тауарды тегін берсе немесе ақысын берсе, қайсын таңдар едім?» Ақысын таңдасаңыз, тауарды орнына қоя салыңыз.
Әрине, үнемдеу керек екен деп пайдалы және қажет заттарды тыйып тастауға болмайды. Бұл — пайдалы тамақ пен дәрі-дәрмек (дәрумен). Ақша үнемдеймін деп жартылай аш жүрмеңіз немесе ауырсаңыз да, дәрі сатып алмай қоймаңыз. Бұл екеуінен тыйылу денсаулығыңызға зиян. Ақша үнемдеймін деп жүргенде ауырып қалып, одан да шығын боларсыз.