Басты бет Жаңалықтар СҚО-да білім бөлімінің бухгалтері 7 жылға сотталды

СҚО-да білім бөлімінің бухгалтері 7 жылға сотталды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау аудандық білім бөлімінің бухгалтері 40 миллион теңгені қалтасына басқан.

Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлап отыр.

Қадағалаушы органның мәліметінше, прокуратура органдары бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты жұмсау саласындағы заңдылықтың сақталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Нәтижесінде өңірде аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактілері анықталып жатыр.

Айыртау ауданының білім бөлімінде жүргізілген тексеру барысында мекеме бухгалтерінің бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлағаны анықталды. Тергеу барысында оның 2021 жылғы қаңтар айынан бастап 2024 жылғы сәуірге дейін бюджет қаражатын қалтасына басқаны белгілі болды. Бухгалтер ауданның білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақы ретінде жалпы сомасы 39,8 миллион теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз аударып отырған.

Осыған орай аудан прокуратурасы былтыр Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Айыртау аудандық соты білім бөлімінің бухгалтерін кінәлі деп танып, оған мемлекеттік және қаржы ұйымдарында материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан жеті жыл мерзімге айыру, сонымен қатар жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Ал мемлекетке келтірілген зиян толық көлемде өтелді.

Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісінің негізінде Айыртау аудандық білім бөлімінің басшысы заңбұзушылықтарға жол бергені үшін атқарып отырған қызметінен босатылды.

Exit mobile version