Басты бет Қоғам Алматы облысындағы жалғыз марал шаруашылығы. Мемлекет не үшін субсидия бермейді?

Алматы облысындағы жалғыз марал шаруашылығы. Мемлекет не үшін субсидия бермейді?

Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz
Қазақстанда марал шығыста ғана емес, Алматы облысында да өсіріледі. Кеңес Мұралинов — Алматы облысындағы «Алатау Марал» деген жалғыз марал шаруашылығының иесі. Бір өкініштісі, мемлекет марал өсіруге субсидия бермейді. Сондықтан бұл шаруашылықтың бар шығынын кәсіпкер өзі көтеріп жүр. Baribar.kz тілшісі Қаскелең шатқалындағы марал шаруашылығын көріп қайтты.

2003 жылы екі-үш жасар маралдарды Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағайдан алып келдім. Әуелде 60 бас марал әкелдім, қазір олардың саны 150-ге жетті. Бұл шаруашылықтың қиындығы сол, маралдар жерсінуі үшін жер таңдау керек. Мына жақтың шөбі шығыстыкімен бірдей болуға тиіс. Біз тұрған Қаскелең шатқалының осы тұсының биіктігі — 2000 метр. Мұнда шығатын шөп Қатонқарағайда да шығады. Бұдан төмен жерде ондай шөп жоқ. Демек, маралға жарамайды, — дейді Кеңес Мұралинов.

Кеңес Мұралинов
Кеңес Мұралинов. Фото: Досжан Балабекұлы

Бұл — маралдың Алтай маралы деген түрі. Жалпы, марал — жабайы аң. Сондықтан олар қорада жатпайды, орманда жайылып жүреді.

Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Жазда орманда жайылып жүреді де, қыста қаңтар мен ақпанда, сосын наурыздың басында қар қалыңдағанда төмен түседі. Сол кезде шөп-жемін береміз, — дейді кәсіпкер.

Шатқалдағы марал жайылатын аймақ 150 гектарға жетеді. Маралдар басқа жаққа өтіп кетпес үшін осы аймақты ұзындығы сегіз шақырым болатын қоршаумен қоршап қойған. Кәсіпкер бұл аймақты жалға алып отырғаны үшін мемлекетке тоқсан сайын 100 мың теңге төлейді.

Біздің елімізде жабайы малға субсидия бермейді. Сонда біз қалай дамимыз? Бәрін өзіміз көтеріп жүрміз. Жауапты органдарға талай жаздық. Дегенмен «Жабай малға субсидия жоқ» деген бір-ақ жауап аламыз. Мемлекет субсидия бөлмейтіндіктен, шаруашылық алты ай істейді, одан кейінгі алты айда кіріс болмайды. Әйтеуір дегенде келер жылға ілінеміз, — дейді Кеңес мырза.

Кәсіпкер маралдың мүйізі мен етін кәдеге жаратады. Етін қыста сатады. Бұл жануардың мүйізі сәуір айында шығады. Мүйізін жылына бір рет маусымда кесіп, одан дәрі-дәрмек жасайды. Маусымда кеспесе, мүйіз құрғап кетеді де, ішінде қан қалмай қалады.

Осы Қаскелең шатқалында «Алатау Марал» деген шағын емдік орталығымыз бар. 37 градус су құйылған ваннаға маралдың мүйізінің 200 грамм қанын қосып, онда ем алушы 15 минут жатады. Бұл қышыма, геморрой, ақтаңдақ сияқты ауруларға ем, сүйек қақсағанын емдейді. Оған қоса, мүйіздің қанына 18 градус алкоголь қосып, пантогематоген жасап сатамыз. Бұл — биологиялық белсенді қоспа. Иммунитет көтереді. Емделіп жүрген адам күніне үш шай қасық ішсе, жетеді. Балаға ішуге болмайды, — дейді кәсіпкер.

Орталықта мүйізді қатырып және құрғатып қояды. Ішіндегі қанымен қатырған мүйізді орталықта емге қолданады, ал құрғап қалған мүйізді емделушілер сатып әкетіп, үйінде қолданады.

Фото: Досжан Балабекұлы
Фото: Досжан Балабекұлы

Бір мүйізден көлеміне қарай бір литрге дейін қан алуға болады. Пантогематогеннің бір бөтелкесі — 6 мың теңге. Ваннаға бір рет жату 15 мың теңге тұрады. Орталықта сәуір айынан қазан айына дейін емделуге болады.

Негізі жыл он екі ай емделуге болар еді. Алайда қонақүйіміз жоқ. Қонақүйдің жобасы дайын. Инвесторлар таптық. Дегенмен олар «бірінші мына жаққа газ жүргізсін» деп отыр. Алматы облысы әкімдігіне хабарлассам, «әуелі қонақүй салсын, сосын газ жүргіземіз» дейді. Мына жерге шипажай салса, түрлі дәрі-дәрмек шығарар едік. Технология болғанымен, оны жасайтын құрал-жабдығымыз бен ғимаратымыз жоқ, — дейді кәсіпкер.

Маралдың құны — 600-650 мың тг. Бір ұрғашы марал жылына бір-ақ рет төлдейді.

Exit mobile version