Басты бет Жаңалықтар Қостанай тұрғыны гараж бен моншада қарасора өсірген

Қостанай тұрғыны гараж бен моншада қарасора өсірген

Фото: baq.kz
Қостанайда жасырын фитозертхана жойылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен жергілікті тұрғын өз үйінде ұйымдастырған жасырын фитозертхананы анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке тұрғын үйдің ауласынан ерекше иісі бар өсімдіктердің бұталары, сонымен қатар оларды үй жағдайында өсіруге арналған арнайы құралдар мен құрылғылар табылды. Өсімдіктер қора-жайларда, гаражда және тіпті моншада өсірілген, — деп жазылған хабарламада.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктердің қарасора екені анықталды. Медициналық куәландыру үй иесінің каннабиноидтарды қолданғанын көрсетті, есірткі заттарын ол өзі тұтыну үшін сақтаған.

Азаматқа қатысты құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде заңсыз өсіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнама бойынша бұл қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл фитозертхана биыл облыс аумағында анықталған жетінші жағдай.

Exit mobile version