«Астана–Бурабай» бағытында тағы бір қосымша электр пойызы қатынайтын болды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлап отыр.
Туристер арасында танымал бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-1–Бурабай курорты» бағытында №6811/6812 қосымша қала маңы электр пойызын жолға шығарды.
Электр пойызы әр сәрсенбіде қатынайды.
Астанадан сағат 11:00-де шығып, 13:35-те Бурабай станциясына жетеді. Кері бағытта пойыз 14:15-те жолға шығып, 17:00-де Астанаға оралады.
Пойыз құрамында төрт вагон бар. Жолаушылар үшін 1, 2 және 3-сыныптағы қызмет көрсету түрлері қолжетімді. Вагондар кондиционерлермен, ауа тазарту жүйесімен, биоәжетханалармен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындармен, ыңғайлы орындықтармен, велосипед қоятын орындармен және Vputi.kz медиапорталына қолжетімді тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған, — делінген хабарламада.
Қала маңы бағытындағы жолаушылар пойызына билеттерді жөнелтуге 10 күн қалғанда сатып алуға болады.