Қылмыстық кодекске жаңа бап енгелі отыр. Енді дәрігерге қол көтергендер 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 25 шілде күнгі брифиңде медицина қызметкерін ұрып-соққанға қатаң жаза қарастыру жоспарланып отырғанын айтты. Жаңа бап нені көздейді және мұны парламентке ұсынуға не негіз болды?
Медқызметкерге қол көтергендердің жазасы қандай болмақ?
Министрдің сөзіне қарағанда, мұндай бейәдеп қылық жасағандар кемі екі, ең ұзақ жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жаза түрі қылмыс салмағына қарай өзгере береді. Медицина қызметкерлеріне төтенше жағдайда қол көтергендер 10 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Ал бір емес, бірнеше рет дөрекілік жасағандар 15 жылға дейін сотталады.
Мұндай шара қолдануға кейінгі жылдары медқызметкерлерге қатысты бұзақылық оқиғасы көбейіп кеткені себеп болған. Кейінгі бес жылда елімізде 170-ке тарта медицина маманы соққыға жығылған.
Жақында ғана Қарағандыдағы жекеменшік орталықта аға медбикені бейтаныс ер адам соққының астына алған. Маман басынан жарақат алған, саусақтары сынған.
17 шілдеде Қостанайда да осыған ұқсас оқиға тіркелді. 34 жастағы ер адам хирург-урологқа қол көтерген. Соққы маманның басына тиіп, ол есінен танып қалған. Кейін дәрігердің жансақтау бөліміне жеткізілігені хабарланды.
Былтыр қарашада алматылық маман науқастан жәбір көргенін хабарлады. Қаладағы емханалардың бірінде жұмыс істейтін гинеколог Айша Османова қабылдауға келген науқас бетінен телефонмен ұрып, денсаулығына зақым келтіргенін айтты. Соққыдан көп қан кетіп, соққы тиген жерді тіккізуге мәжбүр болған.
Өзге елдердегі ахуал
Медицина қызметкерлеріне қатысты дөрекілік тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде де өткір мәселе болып тұр. Германияда 2022-2023 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты осындай оқиғалар 18-20% артқан. Елдің әділет министрлігі осы мәселені шешу үшін бұзақыларға алты айдан бес жылға дейін бас бостандығына айыру жазасын көздейтін жаңа заң жобасын ұсынды. Заң әлі қабылданбады, әзірге саяси тұрғыда талқыланып жатыр.
Ал Францияда мұндай заң тура бір ай бұрын, 25 маусымда қабылданды. Заң бойынша, соққы әсерінен маман сегіз күннен аса жұмысқа жарамсыз боп қалса, айыпты адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады және 75 000 € көлемінде айыппұл төлеу міндеттеледі.
Ал Қазақстанда жоғарыда аталғандай, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгелі жатыр. Жаңа бап қыркүйекте парламент қарауына ұснынылады.