2025 жылғы 26-27 шілде күндері Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы, Сұлукөл ауылында республикалық ауқымдағы маңызды оқиға – Agrofest Batys – 2025 мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтіп жатыр.
Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, заманауи жетістіктермен және тиімді тәжірибелермен бөлісу, саланың дамуына серпін беретін ортақ шешімдерді ұсыну, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілері арасында өзара іс-қимылды нығайту.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен ауыл шаруашылығы саласының жетекші ғалымдары, агросекторда қызмет көрсететін ұйымдар мен мекемелердің өкілдері, ауыл шаруашылығы техникалары, тұқым, тыңайтқыш және пестицид өнімдерін өндірумен және таратумен айналысатын ірі компаниялардың басшылары, сонымен қатар тәжірибелі фермерлер мен мал шаруашылығы мамандары, шығармашылық зиялы қауым мен ұлттық спорт өкілдері қатысып жатыр, — делінген хабарламада.

Agrofest – бұл тек өнімдер мен техникалардың көрмесі ғана емес. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы білім мен тәжірибе алмасудың, өзекті мәселелерді саралап, жаңа идеялармен танысудың маңызды алаңы. Көрме аясында келесі бағыттар қамтылған:
• озық агротехнологиялар мен цифрлық шешімдерпрезентациясы;
• аграрлық саладағы стартаптар мен инновациялық жобаларды таныстыру;
• кәсіби шеберлік сабақтары мен оқыту семинарлары;
• тақырыптық пікірталастар;
• салааралық іскерлік кездесулер мен серіктестіккеліссөздер.
Көрме барысында қатысушылар өңірлік даму стратегиялары, агроинновациялар және ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа тәсілдері бойынша пікір алмасып, салааралық ынтымақтастықтың болашағын айқындайды. Бұл өз кезегіндеауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына жол ашады. Агрофест – ауылдық өңірлердің әлеуетін арттырып, ауылшаруашылығының болашағын қалыптастыруға ұмтылатын жаңа буын мамандары үшін бірегей кәсіби алаң болыптабылады. Мұнда әр қатысушы өз саласының үздіктерімен тікелей пікір алмасып, жаңа серіктестіктер орната алады. Agrofest Batys – 2025 – бұл ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық прогрестің, кәсіби тәжірибе мен серіктестіктің тоғысқан нүктесі, — делінген хабарламада.