Алматы маңындағы таулы аймақта ірі өрт шықты. Қызыл жалын шамамен жеті-сегіз гектар аумақты шарпыды. Бұл туралы Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.
112 қызметіне Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округіндегі бау-бақша ұжымының аумағында қураған шөп жанып жатқаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына барған құтқарушылар ашық таулы аумақтағы қураған шөптің өртеніп жатқанын анықтады. Өртті сөндіруді күрделі рельеф пен тік өрлер қиындатып отыр. Сонымен қатар өрт ошағына дейінгі тікелей жолдың болмауы және қиын жерлер жағдайды күрделендіріп отыр.
Алматы облысының ТЖД мәліметінше, қазіргі таңда зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелмеген. Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ.
Өрт сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының өкілдері қатарынан 70-тен астам маман мен тоғыз техника тартылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.