Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан тұңғыш ел ретінде тарихта қалды. 1991 жылғы 29 тамызда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойған еді. Сол уақыттан бері 34 жыл өтті.
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн
БҰҰ 2009 жылы бұл күнді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп белгіледі. Семей полигоны жабылуы тек бір елдің шешімі емес, жаһандық антиядролық қозғалыстың символына айналды.
1949 жылғы 29 тамызда қазақ даласында РДС-1 – Кеңес үкіметінің тұңғыш атом бомбасы жарылды. Сол күннен бастап тура 40 жыл бойы – 1989 жылға дейін Семей өлкесі ядролық сынақ алаңы болды. 18,5 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан полигонда кемі 456 ядролық сынақ өтті. Оның 116-сы ашық ауада, жер үстінде және суда, 340-қа жуығы жер астында сыналды. Бұл сынақтардың салдары 1,5 миллионнан астам қазаққа әсер етті. Радиация әсерінен обыр, жүрек-қан тамырлары аурулары және денсаулығында туабітті ақауы бар адамдар жиі тіркелген. Қазақстандағы онкологиялық аурумен ауыратындар көрсеткіші бұрынғы полигон аумағына жақын өңірлерде көш бастап тұр. Ал тұрғындар сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады.
Семей полигоны қалай жабылды?
Полигонның жабылуына көптеген тұлға атсалысқан. Алғашқы жылдардан-ақ сынақтарға қарсы шыққандар қатарында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бақия Атшабаров сынды ғалымдар, дәрігерлер, белсенділер болған. Дегенмен «бүкілодақтың мүддесі, қауіпсіздігі» әрі «тұрғындарға еш зияны жоқ» деген желеумен ядролық сынақтарға тосқауыл болмаған.
Тек жағдай 1989 жылғы 12 ақпанда Семей полигонында болған кезекті ядролық сынақтан соң радиоактив газ ауаға тарап кеткен соң өзгереді. Семей облыстық коммунистік партия комитетінің сол кездегі басшысы Кешірім Бозтаев Мәскеуді болған жағдайдан құлағдар етеді. 20 ақпанда Бозтаев Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, Михаил Горбачевқа шифротелеграмма жіберген. Әскерилер де жағдайдың бақылаудан шығып кеткеніне алаңдап, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменовке хабар берген. Осы жағдайдан ұлттық арнаның тікелей эфирінде депутаттық бағдарламасын таныстыруы қажет болған Олжас Сүлейменов сценариден ауытқып, Семей полигонында радиоактив газ ауаға тарап кеткенін, ядролық сынақтардан қазақ халқы, жері уланып жатқанын айтқан еді. Тікелей эфирде Мәскеу басшылығына үндеу жасап, ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етеді. Сөз соңында халықты Жазушылар одағының ғимаратына жиналуға шақырады.
Осы үндеуден кейін 1989 жылғы 24 ақпанда мыңдаған адам ғимараттың іші-cыртын толтырған. Олар жиын соңында Олжас Сүлейменовтің ұсынысымен «Невада-Семей» қозғалысын құру туралы шешім қабылдаған. Бұл Қазақстан тарихындағы ең қуатты қоғамдық, әлемдегі ең үлкен антиядролық қозғалыс болып қалыптасты. Полигон жабылғанын қолдап елдің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам петицияға қол қойған. Мыңдаған адам шеруге шыққан.
Осылай, қоғамдық қозғалыстардың ықпалымен Кеңес одағы алғаш рет ядролық қару сынағына тыйым салатын мораторий енгізу туралы шешім қабылдады. Қазақстанның егемендігі жөніндегі декларацияда ел аумағы ресми түрде ядросыз аймақ деп жарияланды. Ал 1991 жылғы 29 тамызда бшрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды.
34 жылда не болды?
Полигон жабылғаннан бір жыл өткен соң «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданды. Алғаш қабылданған заңда жәбірленушілерге нақты жеңілдіктер қарастырылған. Кейінгі 33 жылда заңға бірқатар өзгеріс енгізілген, жеңілдіктер қысқарған. Бұл аймақ тұрғындарының өміріне елеулі әсер етті.
Қоғам белсенділері осыған қатысты талап-тілектерін үкіметке жеткізіп жүр. Олардың бастамасымен қазіргі уақытта заңды қайта қарау, аймақты дамыту мәселесін қарастыру үшін ведомствоаралық комиссия құрылған.
Осы мәселені көтеріп, министрлермен, депутаттармен жолықтық. «Жаңа Қазақстан» деген – біз, азаматтар. Заңдағы кейбір жайтқа көңіліміз толмаса, оны өзгертуге, толықтыруға өзіміз атсалысуымыз қажет. Бұл — кешенді зерттеуді қажет ететін жағдай. Сондықтан бұл мәселені басқаша шешуді ұсындық. Полигон аймағында тұрып жатқан адамдардың өмірін сапалы ету үшін ол аймақты тұрақты дамыту арқылы жағдай жасау керек. Ол үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды ұсындық. Ұсыныс қабылданып, жұмыс тобы құрылды. Әзірге сең қозғалғаны да жетістік, қолымыздан келгенше жұмыс жүруіне әрекет қылып жатырмыз, — дейді «ДОМ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Әбенова.
35 жылдық қалай аталып өтіледі?
2025 жылғы 18 шілде күні Семейде Жапонияның Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзаки Абай облысының әкімі Берік Уәлимен кездесті. Ресми делегациямен өткен жүздесуде тараптар ядролық қарусыздану мен оны таратпау бағытындағы әріптестікті тереңдету жолдарын сөз етті. Семей ядролық полигонының зардаптарын еңсеру ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі мен мәдени-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де қаралды.
Берік Уәли 2026 жылғы 29 тамызда – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай, халықаралық деңгейде маңызды іс-шаралар жоспарланып отырғанын айтты.