Республикалық маңызы бар KAZ12 «Атырау–Орал» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлап отыр.
Жалпы ұзындығы 487 шақырым болатын бұл жол Батыс Қазақстан өңіріндегі Атырау мен Орал қалаларын байланыстырады. Жоспарланған жоба аясында 364 шақырым жол төсемін жөндеу көзделіп отыр.
Компания мәліметінше, негізгі жұмыстар иірімді учаскелерді түзеу, топырақ құрылымын қайта өңдеу арқылы жол негізін нығайту, астыңғы және үстіңгі қабаттарын төсеу, жолжиекті күшейту, жол белгілері мен таңбаларын орнату сияқты кезеңдерді қамтиды.
Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру тетіктері қарастырылып жатыр. Қаражат бөлінген соң жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өтеді. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, аталған бағытта шұңқырларды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орташа жөндеу жұмыстарын 2025–2027 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған.