Басты бет Мәдениет Ас беру дәстүрі той ма, ғұрып па? Этнограф айтып берді

Ас беру дәстүрі той ма, ғұрып па? Этнограф айтып берді

Фото: Сhatgpt.com
Қазақ халқының рухани дүниетанымында өмір мен өлім – бір-бірімен тығыз байланысты, мәні терең ұғымдар. Қайтыс болған адамды мәңгілік сапарға шығарып салу тұтас бір қоғамның дәстүрі мен сенімін, рухани болмысын танытатын салт-жоралғылар кешенімен жүзеге асады. Этнограф Хинаят Бабақұмар Baribar.kz тілшісіне қазақ халқының жерлеу мен аза тұту кезінде ас беру рәсімінің мәні мен маңызы туралы айтып берді.

Хинаят Бабақұмардың айтуынша, қазақ халқы өмір мен өлімге, жалған дүниеге шүбәланып қараған. Себебі кез келген халықтың тарихына үңілсек, өлім ұғымы адамның рухының, жанының бір формадан екінші формаға өтуі ретінде қарастырылған.

Жақын адамнан айырылу – үлкен аза тұту. Аза тұтудың да алуан түрлі формасы, ғұрпы, әдет-салты бар. Соның ішінде ең маңыздысы – марқұмның «артын күту». Бұған оны жерлеу, аза тұту, жер қойнына тапсыру, рухын разы ету, үйден ұзатып салу сияқты әрекет жатады. Ал бұл қазақ халқына ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігіндегі көптеген халыққа тән дәстүр. Мұны атақты этнолог Әбдеш Төлеубаев жан-жақты зерттеген.

Этнограф Хинаят Бабақұмар
Этнограф Хинаят Бабақұмар. Фото жеке архивінен ұсынылды

Аза фольклоры деп бір-біріне естірту, көңіл айту, жоқтау айту, басу айту сияқты ғұрыптық мәдениеттің бір бөлігін айтамыз. Қазақ халқында әруақты разы ету үшін мал сою, әсіресе жылқы союдың маңызы зор. Қазақта «о дүниеге атты жолдау» деген ұғым бар. Ғалымдардың пікірінше, бұрын марқұмға арнап міндетті түрде жылқы сойылған. Ең алдымен, марқұмның атын тұлдайды да, қоя береді. Ол атқа ешкім, тіпті ұры-қары да тиіспейді. Сөйтіп келер жылы сол атты сояды», – дейді Хинаят Бабақұмар.

Қазақтың жөн-жоралғысында «жетісі», «қырқы», «жылы» деген сияқты ұғымдар бар. Хинаят Бабақұмардың сөзіне қарағанда, бұл — марқұмның рухын үйден ұзатып салуға байланысты қалыптасқан әдет-ғұрыптар.

Жаназа шықпай тұрып, дастархан жайып, құрмет көрсету қазақта атам заманнан бар екені «өлім байдың малын шашады, жарлының артын ашады» деген мақал арқылы айқындалады.

Марқұмның рухы о дүниелік болған соң ол өз отбасынан алыстайды деген сенім бар. Бұрын бұл үш күн, жеті күн, қырық күн деп есептелген. Қырық күннен кейін марқұм бұл дүниеден біржола кетеді деп сенген. Қазақ халқында «жетісі» мен «қырқының» мәні зор. Кей өңірлерде «жүзін» де береді. Бұрынырақта қырық тоғызын берген жайттар да болған. Бұл дәстүрлер басқа халықтармен этномәдени байланыс нәтижесінде, діни және ғұрыптық ықпал негізінде қалыптасқан.

Бейсенбіден жұмаға қараған түні әруақтар өз отбасына, жақындарына келеді деген сенім бар. Сол себепті еліміздің кей өңірінде бейсенбі күні түстен кейін «бейсенбілік» деп аталатын ас беріледі.

Көшпелі өмір салтында марқұм болған адамның соңғы рет қонақ болуы «қонақасы» рәсімімен аталып өтеді. Ол кезде марқұмның үйінде дастархан жайылып, құрбандыққа мал шалынады. Бұл садақа ретінде таратылады, – дейді этнограф.

Бүгінде жаназа дастарханы кей өңірлерде кәдімгі той мәзірімен теңесіп кеткен. Астың сән-салтанатты, мол болуын бәсекеге айналдыру дәстүрдің бастапқы мәнінен алшақтау. Дегенмен этнограф әркімнің шамасы келсе, мол дастархан жаюы ешқандай әбестік емес екенін айтты.

Сананы тұрмыс билейтін нарық заманына қарай, астың да сипаты өзгерді. Сондықтан бүгінде түрлі нұсқаулық арқылы халыққа түсіндіру жұмысы жүріп жатыр. Бұрынғыдан қалған «Қарның ашса, қаралы үйге бар» деген сөз бар. Бұл қаралы үйде үнемі дастархан жайылып, ас түрінде құрбандық беріліп жататынын білдіреді. Бұл рәсімнің бұрыннан қалыптасқанын білдіреді, – дейді ол.

Хинаят Бабақұмардың сөзіне қарағанда, бұрын ас дастарханы үлкен той ретінде өткен кездер болған. Бұл туралы этнограф Ерболат Смағұловтың ас беру дәстүрі жайлы зерттеулері бар. Сонымен қатар Плотников деген атақты орыс суретші-этнографы Қостанай өңірінде Жаппас Құланбаевтың асында үлкен көлемде ас беріліп, тұлдау рәсімі өткенін жазған.

Әр ру өз сән-салтанатымен келіп, ғұрыптық, дау-дамай мәселелерін аста шешкен. Кейде спорттық жарыс түрінде де өтетін. Алайда мұндай ас кез келген адамға арналмайды, көбіне ауқатты әрі беделді адамдарға ғана беріледі. Сондықтан қазақ халқы үшін өліктің артын күту, ас беру көшпелі мәдениеттің бір квинтэссенциясы (нағыз ұғымы – ред.) іспеттес. Соның ізін әлі күнге дейін байқаймыз. Ел аузында жүрген беделді адамдардың рухына арнап 100 жылдығы, 200 жылдығы сияқты ас беру — осы дәстүрдің қазіргі заманға бейімделген жаңғырығы. Оның еш сөкеттігі жоқ. Әркім өз шамасына қарай, тұрмысына, экономикасына байланысты жасап жатады. Бұл да — мәдениеттің түрлену сатысы, – дейді этнограф.

Ғалымның айтуынша, қазақта өлікке байланысты алуан түрлі, басқа халықтарда кездесе бермейтін салт-жоралғы көп. Ең қызығы, 30 жыл бұрын профессор Нұрсан Әлімбай кіші жүздің кейбір руларында және Жетісу бойындағы руларда марқұмның жаназасын шығарғанда «дәуір жүргізу» деген ғұрып болғанын жазыпты. Бұл ғұрып бойынша марқұмның күнәларын біреу мойнына алып, түйенің бұйдасын не жылқының жүгенін ұстап тұрып, «дәуір шығару» рәсімін жасайды екен.

Этнограф Хинаят Бабақұмардың сөзіне қарағанда, өлікке қатысты дәстүрлер — қазақ мәдениетіндегі ең тұрақты элементтердің бірі. Мұндай ғұрыптардың көпшілігі мәдениетте “константа” деп аталады, яғни олар ғасырлар өтсе де өзегін жоғалтпай сақталып келеді. Жазушы Ақселеу Сейдімбек бұл дәстүрлердің кейбірін «мәдени реликт» – жаңғырық деп атаған. Қазір солардың сұлбасы, ізі, толық болмаса да, сақталып қалған.

Жазира Бекболат

Exit mobile version