Басты бет Жаңалықтар Астана тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін екінші рет сотталды

Астана тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін екінші рет сотталды

Фото: webstudy.pt
Астанада бұрын істі болған алаяқ ескі әдетіне салып, тағы да адамдарды алдаған. Бұл жолы ол өзін жәбірленушілерге кәсіпкер ретінде таныстырған.

Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Күдікті өзін кәсіпкер деп таныстырып, жалған келісім-шарттар жасау арқылы Ресейден бәсекеге қабілетті бағамен құрылыс материалдарын жеткізуге уәде берген. Ол өзінің «қызметін» әлеуметтік желілерде жарнамалап, құрылыс материалдарын шетелдік компаниялар арқылы жеткізуге мүмкіндігі бар екенін көрсеткен.

Күдікті жәбірленушілердің бірін 6 миллион теңгеге алдап, қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған. Алаяққа барлығы 49 адам — жалпы сомасы 82 миллион теңгеге алданған, — дейді прокуратура.

Прокурорлар сотталушының өз міндеттемелерін орындауға нақты мүмкіндігі болмағанын, жеткізу шарттарын өзінің қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында жасағанын, жымқырылған ақшалай қаражатты жеке мақсатта жұмсағанын дәлелдеді.

Бұдан бөлек күдіктінің бұған дейін де осыған ұқсас алаяқтық фактілері үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтегені анықталды.

Қылмыскер төрт жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.

Exit mobile version