Алматыда Есентай өзенінің бойы инвестор есебінен абаттандырылады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, инвестор бұл жобаны жүзеге асыруға 11 миллиард теңгеден астам қаржы құйып, әл-Фараби даңғылынан бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 шақырым болатын өзен арнасын ретке келтірмек.
Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезең — әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі учаскеде абаттандыру жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Жоба аясында өзен жағалауында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, жаңа саябақтар мен демалыс орындары салынады. Заманауи қала кеңістігіне сай, орындықтар мен көгалдандыру элементтері орнатылады.
Сарапшылардың пікірінше, Есентай өзенінің бойындағы аймақ ерекше әлеуетке ие. Өзен арнасы жасыл белдеулерді, тұрғын үй кешендерін, студенттік кампустарды кесіп өтеді әрі мәдени-спорттық нысандарға жақын орналасқан. Арна бойындағы бос жатқан жерлер қосымша көгалдандыру мен жаңа скверлер жасауға мүмкіндік беріп, қаланың демалыс пен туризм тұрғысынан тартымдылығын арттыра түседі, — делінген хабарламада.