Абай облысында полицейлер жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
«Қарасора – 2025» және «Дәрмек» жедел шаралары барысында Абай облысының тәртіп сақшылары жергілікті 33 жастағы тұрғыннан күдік келтіріп, оның тұрғылықты жерін тінтіген.
Тінту кезінде өсімдік тектес жасыл түсті зат салынған төрт қап, ұнтақ тәрізді жасыл түсті зат салынған полимер пакет табылған. Сот-наркологиялық сараптама нәтижесі 105 келіден астам кептірілген марихуана, жеті келіден астам гашиш тәркіленгенін көрсетті. Тергеу барысында ұсталған азамат жабайы қарасораны өзі жинап, кептіргенін, кейін оны сату мақсатында сақтағанын мойындады. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған кешенді шараларды жалғастырып жатыр.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырады.