«Қызым сегіз жаста. Қазірдің өзінде телефон арқылы пиццаға тапсырыс бере алады және түн жарымына дейін видео көреді де отырады…». Бұл бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Баланың телефонды шебер қолдана алатынын айтып, ешкімді таң қалдыра алмайсың. Алайда баланы артық әуестіктен қорғау керек. UNICEF-тің 2023 жылғы зерттеуі бойынша, күн сайын балалардың 15 %-ы қажетсіз контент көрсе, 21%-ы, яғни әр бесінші бала кибербуллиңге ұшыраған. Бүгінгі материалда ата-ана қалай баланың жеке шекарасын бұзбастан, киберқауіптен қалай қорғай алатынын түсіндіріп, қысқа нұсқаулық ұсынамыз.
Ата-ана баласының гаджетін не үшін бақылауы керек?
Балалар психологы Әсем Ілесбай ата-ана баланың гаджетін тексеріп отыруы керек дейді. Оның айтуынша, бұл – жаңа заманның ата-анаға қояр бас талаптарының бірі.
Ғаламторда отыратын бала көшеде ата-анасыз жүрген баламен тең екенін түсіне бермейміз. Ата-ана балаға жауапты екенін ұмытпауы керек. Ол бала үшін жауапты болғандықтан, оның өміріндегі барлық процеске араласуға құқылы. Бұл оның телефонын алып қою керек деген сөз емес. Қазір технология ата-анаға баланың әлеуметтік желіде не іздеп, не көріп отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Маман ретінде мұны дұрыс деп білемін. Себебі баланың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алатын өмірлік тәжірибесі жоқ, – дейді психолог.
Маман ата-ана баланың жеке шекарасын да ұмытып кетпеуі керек екенін айтады. Шектен тыс бақылау екі ортадағы сенімге сызат түсіруі мүмкін.

Әрине, бақылау керек екен деп, сағат сайын баланың телефонын тартып алып, күшпен тексеріп отыруға болмайды. Балаға мұны не үшін жасап жатқаныңызды түсіндіре алуыңыз керек. Сенімді қарым-қатынас орнатқан маңызды. Бала мұны шабуыл емес, қамқорлық ретінде «Иә, анам бәрін білуге құқылы, себебі ол мен үшін жауапты» дегенді түйсініп тұруы керек. Ол үшін ата-ана баласын отырғызып қойып, «Балам, сен 18 жасқа толғанша мен жауаптымын, саған бірдеңе бола қалса, уайымдаймын. Сондықтан кімдермен араласып жүргеніңді білуім керек» деп түсіндіруі керек. Телефонды да қолынан тартып алмай, «Қане, көрсете ғой» деп баланың бұл әрекетті өз еркімен жасауына мүмкіндік берген дұрыс, — дейді ол.
Chat GPT ата-ана мен бала қарым-қатынасына қалай әсер етіп жатыр?
Әсем Ілесбай баланың мінез-құлқына үнемі мән беріп отыру керек дейді. Ол жасанды интеллект пайда болғалы да ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас шытынай бастағанын айтады.
Chat GPT пайда болғалы адамдар ешкімді қажет етпейтін болды. Балалар да не білгісі келсе, бәрін сол чаттан сұрап алады. Мұның арты жақсылыққа апармауы мүмкін. Сондықтан бала телефонға тым көп уақытын арнаса, бірдеңе дұрыс емес деген сөз. Бұл – бала өмірдегі кейбір маңызды процесті цифрлық әлемнен алып жатыр деген сөз. Баланың күніне қанша сағат гаджет қолданатынына да ата-ана жауапты. Бала бүкіл эмоцияны сол гаджеттен алатын күйге жеткізбеу керек, – дейді маман.
Баланың қандай контент көріп, кімдермен сөйлесіп жүргенін қалай бақылап отыруға болады?
Психолог гаджеттерге бақылау орнатудың еш әбестігі жоқ, тіпті бұл өте орынды амал дейді. Ол заманауи бақылау құралдары баланы қорғау құралы екенін айтады. Бұл бақылау ата-анаға қажетсіз контентті саралауға, баланың қай қолданбаны қанша уақыт қолданатынына, неше минут ойын ойнай алатынына қатысты баптау орнатуға және баланың қай жерде екенін біліп отыруға мүмкіндік береді. Психолог бұл амалды әсіресе 7-15 жас аралағындағы балалардың ата-анасы ескеруі керек екенін айтады.
Жасөспірім шаққа дейін бала қауіпті өз бетінше байқамауы мүмкін. Бала тұлғалық процестерден өтіп, 16 жасқа толғаннан кейін ақырындап бақылауды азайта беруге болады, – дейді ол.
Рас, баланы бақылау – қалыпты, тіпті қажет амал. Ата-аналар үшін Android және Apple телефондарына ата-ана бақылауын орнатуға қатысты қысқа нұсқаулық әзірледік.
Балаңыз Android (Samsung, Xiaomi және тағы басқасы) телефонын қолданса:
Google Family Link тегін қолданбасын жүктеп алыңыз.
Қолданбаны ата-ананың және баланың телефонына орнату қажет. Ол экран уақытын шектеуге мүмкіндік береді. Мысалы, балаңыз күніне тек екі сағат телефон қолдана алатындай етіп баптауға болады. Сонымен қатар бұл қолданба арқылы балаңыздың телефонынан кейбір сайттар мен қолданбаларды бұғаттай аласыз. Баланың қай жерде екенін де көріп отыра аласыз. Бұған қоса Google Family Link баланың күні бойы не істегені жайлы есеп береді.
Қолдану үшін Family Link арқылы балаңызға аккаунт ашып, оны өз аккаунтыңызбен байланыстыру қажет. Содан соң контент пен уақыт бойынша шектеу енгізу керек.
Балаңыз iPhone / iPad қолданса:
Өзіңіздің (ата-ана) телефоныңыздан бақылау орнатыңыз. Бұл үшін “Баптаулар” бөліміне кіріп, өз есіміңіз жазылған бағанды басып, “Отбасы” бөліміне кіріңіз. “Баланың аккаунтын қосу” дегенді басып, нұсқаулық бойынша деректерді енгізіңіз. Одан соң тек өзіңіз білетін құпия код орнатыңыз.
- айфон, скрин
- айфон, скрин
- айфон, скрин
- айфон, скрин
Енді отбасы бөлімінде сіздің және балаңыздың есімі шығып тұрады. Сол тізімнен балаңызды таңдап, “Экран уақыты” деген батырманы басыңыз.
Әлеуметтік желі, ойындар және сол сияқты тағы басқа қолданбаларға уақыт шектеуін қойыңыз. Сонымен қатар App Store-дан қолданба жүктеуге және 18+ сайттарға шектеу қоюға болады.
Қазір бастауыш класс оқушыларының бәрінде дерлік жеке смартфоны бар. Алайда баласын өзгеден кем қылмайын деп керегін әперген ата-ана цифрлық әлемнің ережелерін де ұмытпағаны абзал. Баланы киберқауіптен қорғау үшін IT маманы болудың да қажеті жоқ. Ол үшін қарапайым қадам – телефон арқылы бақылау орнатса жеткілікті. Ал психологтар қанша жерден қашықтан бақылап, телефон арқылы есеп алып отырсаңыз да, баланың өзімен бетпе-бет сөйлесіп, жылы қарым-қатынас орнатып, кімдермен араласып жүргенін біліп отырған абзал деп кеңес береді.