Алматыда 1977 жылы төселген құбырларды ауыстыруға байланысты Жамбыл көшесінде уақытша қозғалыс шектеледі.
Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлап отыр.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алмалы ауданында жылу желілерін жоспарлы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аясында 1977 жылы пайдалануға берілген жалпы ұзындығы 760 метр болатын жылу желілері ауыстырылады.
Осыған байланысты 2025 жылғы 24 шілдеден 31 тамызға дейін Алмалы ауданында Жамбыл көшесі бойынша Мұқанов көшесінен Мұратбаев көшесіне дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы жабылады. Құбыр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары кезінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қозғалысқа шектеу қойылады. Қайта жаңғырту кезеңінде тұрғындарға ыстық су беру тоқтатылмайды, — делінген хабарламада.
Жылу желісі бес көпқабатты тұрғын үйді, жеті жеке тұрғын үйді және тағы төрт өзге нысанды жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланған. Бұл желілердің тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.