Алматыда түнгі уақытта бірнеше тонау қылмысын жасаған күдіктілер криминалдық полицияның үйлестірілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түсті.
Бұл туралы қалалық ПД хабарлап отыр.
Күдіктілер негізінен түнгі уақытта әрекет етіп, қорғаныс құралы ретінде бұрыш баллондарын қолданған және күш көрсеткен. Олар азаматтардың ұялы телефондарын, қол сағаттарын және қолма-қол ақшаларын тартып алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың кемінде үш қылмысқа қатысы бар және бұл фактілер қаланың әртүрлі аудандарында тіркелген.
Жәбірленушілердің арыздарына жедел әрекет еттік. Аудандық бөлімшелермен бірлесіп жүргізілген кәсіби жұмыстың арқасында күдікті тұлғаларды қысқа мерзімде анықтап, ұстадық. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников.
Қазіргі таңда әрбір оқиға бойынша қылмыстық істер қозғалып, ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Олар заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, жедел тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.