2025 жылғы 18 шілдеде таңғы сағат төрт шамасында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті лирик ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай қайтыс болды.
Қарала хабарды ақынның ұлы – Нұрлан Исраилұлы жеткізді. Бұл туралы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жазды.
Ұлы ақын Алматы облысы Қаскелең қаласындағы шаңырағында, отбасының ортасында, ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін өмірден озды.
Исраил Сапарбай – қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі. Ол – Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінде лирика жанрын биікке көтерген қаламгер. Оның шығармашылығы – нәзік поэзия мен сазға толы әуезді әндердің алтын арқауы болды. Шығармалары М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен басқа да театрлар сахнасында қойылып, көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
2025 жыл қазақ руханияты үшін ауыр жылдардың бірі болды. Биыл Исраил Сапарбайдан бөлек, белгілі жазушы Дулат Исабеков (20.12.1942 – 21.02.2025) пен ақын Темірхан Медетбек (06.05.1945 – 10.05.2025) де өмірден өтті. Осы үш үлкен тұлғаның араға аз уақыт салып, бірінен кейін бірі бақиға аттануы – қазақ әдебиеті мен өнері үшін орны толмас қаза. Ақынның жаназасы мен қонақасы рәсіміне қатысты мәліметтерді ақын Қасымхан Бегманов жария етті. Қоштасу рәсімі Алматыдағы Кеңсай зиратында өтеді. Исраил Сапарбай өзінің замандас достары мен әріптестерінің – Дулат Исабеков пен Темірхан Медетбектің жанына жерленеді, – деп жазды Қасымхан Бегманов.