СҚО-да саяжайда ұсталған есірткі таратушыға сот үкімі шықты. Бұл туралы Polisia.kz. хабарлап отыр.
Биылғы жылдың басында облыстық прокуратураның үйлестіруімен полицейлер Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғынын ұстаған болатын.
Ол «Труд» бау-бақша серіктестігінде синтетикалық есірткіні жасырып кету тәсілімен таратқан.
Күдікті көрсеткен жерден жедел уәкілдер 7,7 грамнан астам мефедрон салынған сегіз түйіншекті тауып, тәркіледі. Тағы 16 грамнан астам есірткі күдіктінің өзінен және автокөлігінен табылды, — делінген хабарламада.
Ер адам тағылған айыптың бір бөлігінен жалтаруға тырысқан. Ол соңғы сәтте ойын өзгертіп, есірткіні жеке тұтыну үшін жасырған орыннан қайта жинамақ болғанын мәлімдеген. Алайда тергеу материалдары бұл уәжді жоққа шығарды. Сот-медициналық сараптама оның өзге есірткі заттарын пайдаланатынын анықтады.
Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.